Қалта ұрысы ұсталды
Қарағандылық полицейлер бірнеше тұрғынның қалтасына түскен ұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 желтоқсанда Қарағанды қаласының ПБ Теміржол полиция бөліміне Қарағанды облысы Шет ауданының 25 жастағы тұрғынынан арыз түсті. Қарағандыға қонаққа келген қыз қоғамдық автобусқа отырған кезде, ішінде құжаттар мен ақша бар әмиянын ұрлатып алған. Келтірілген шығын мөлшері 42 мың теңгені құрайды. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
20 желтоқсанда «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Қарағанды қаласының ПБ Октябрь аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері 36 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындап, айғақты заттар алынды.
Полиция қалта ұрысының осыған ұқсас төрт қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Күдіктіге қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды.