Қызылордада брифинг өткізілді
Қызылордада «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасының өту барысы туралы брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 желтоқсанда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрмахан Пазыловтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Республика аумағында 2020 жылғы 15 желтоқсан – 2021 жылғы 10 қаңтар аралығында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс – шарасы өткізілуде.
Іс-шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, сатып алу, тасымалдау тәртібін сақтауын тексеру, сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау, осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Шара барысында облыс аумағындағы базарлар мен сауда орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мереке қарсаңында балалар арасында жарақат алуды болдырмау мақсатында барлық білім беру мекемелерінде мектеп инспекторлары қауіпсіздік шаралары туралы дәрістер өткізуде.
Іс-шара басталғалы облыс көлемінде тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен сауда жасаудың үш дерегі анықталып, 201 дана пиротехникалық бұйым тәркіленіп, кінәлі азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (69 450 теңге) айыппұл салынды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымы үшін қандай жауапкершілік көзделгені туралы да айтып берді.
Елді мекендерде және бұл үшін белгіленбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару орын алған жағдайда, пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркілене отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес 20 АЕК (55 560 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ пиротехникалық заттардың және оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы қызмет құқығына лицензиясы бар тұлғалар пиротехникалық заттарды сақтау, олармен сауда жасау тәртібін бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 483-бабы 1-бөлігі бойынша пиротехникалық құралдар тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – 5 (13 890 теңге), шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10 (27 780 теңге) , орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 15 (41 670 теңге), ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 45 айлық есептік көрсеткіш (125 010 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұдан бөлек, пиротехникалық бұйымдармен еркін сауда жасау ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (69 450т) айыппұл салуға әкеліп соғатынын ескертеміз.