Жас жігіт бірнеше велосипед ұрлаған
Қарағандыда бірнеше велосипед ұрлаған адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 желтоқсанда Қарағанды қаласының ПБ Михайлов полиция бөліміне 46 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Арызданушы әйел өзіне тиесілі велосипедті белгісіз біреудің ұрлап кеткенін хабарлады. Шығын мөлшері 150 мың теңгені құрады.
Велосипед тоғызыншы қабатта орналасқан пәтердің алдында тұрған. Үйдің кіреберісіне орнатылған бейнебақылау камерасын тексеру кезінде белгісіз жас жігіттің ұрланған велосипедті далаға шығарып жатқанын анық көруге болады. Бейне бақылау камерасының сапалы жазбасының арқасында полиция қызметкерлері 23 жастағы қала тұрғынын тез анықтады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
28 желтоқсанда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жедел уәкілдер күдіктіні ұстады. Велосипед алынып, күдіктінің осыған ұқсас бес қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды.
Қазіргі уақытта күдікті адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.