Тәртіп сақшылары Сәбилер үйіне барды
Жыл сайын кез келген мереке қарсаңында маңғыстаулық полицейлер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жетім балаларға, сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен көмекке мұқтаж көпбалалы отбасыларға тиісінше көңіл бөліп отырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл да мереке қарсаңында Маңғыстау облысы Полиция департаменті Арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының қызметкерлері кішкентай бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылдық мерекелерімен құттықтау үшін Сәбилер үйіне барды.
Полиция департаменті көп жылдан бері мекемеге қажетті көмек пен қолдау көрсетіп келеді. Маңғыстау полицейлері үшін мұндай іс-шаралар жақсы дәстүрге айналған.
Кездесу барысында тәрбиеленушілер қонақтарға өлеңдер оқып, әндерін шырқады. Офицерлер сәбилерге сыйлықтар, сонымен қатар балалар гигиенасына қажетті заттарды әкелді.
Балалар үйінің басшылығы Департамент қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.
– Балалар – біздің болашағымыз. Оларға қазір көңіл бөлу мен қолдау көрсету маңызды, – деп атап өтті Департамент бастығы Жанарбек Бақтыбаев.