Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаңа жыл түнінде бүтін бір отбасын жанжалдан құтқарған полицей оқиғамен бөлісті

Жаңа жыл түнінде бүтін бір отбасын жанжалдан құтқарған полицей оқиғамен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Нұрбол Есенбеков – Түркістан облысы Түлкібас ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы. Дәл мереке күні қызметте болып, есте қаларлық оқиға болғанын бізге айтып берді… 

– Негізі біз құқық қорғау саласының қызметкері болғандықтан тек Жаңа Жыл мерекесі ғана емес, одан басқа мейрамдарды да демалыссыз жұмыс орнында өткіземіз. Мереке қарсаңында қоғамдық тәртіпті күшейтілген режимде күзетеміз. Себебі сондай уақыттарда адамдар мерекені тойлаймыз деп түрлі жағдайға душар болып жатады. Учаскелік инспектор болғаннан соң өз аумағыңдағы адамдардың барлығын бес саусағыңдай білуге тиіссің. Осы жылды қосқанда биыл үшінші жыл кезекшілікте болып, қарсы алып келемін. Ол үшін еш өкінбеймін. Өйткені дәл мереке күні қызметте болып, бүтін бір отбасылық жанжалдың алдын алған болатынмын.
Бұл оқиға 2019 жылдың 31 желтоқсанының түнінде болды. Сағат 22:40-тар шамасы еді. Аумағым тыныш болғасын ешқандай оқиға болмайтын шығар, әйтеуір ел тыныш болсын деп отырған болатынмын. Бір кезде телефоным шырылдады. Бөтен нөмір болғандықтан тұрғындардың бірі болар деп бірден көтердім. Сезімім алдамапты. Шынымен де жергілікті тұрғын әйел екен. Мекенжайын айтты да, «тез жетіңіз де күйеуімді қамап қойыңыз!» – деді даусы қарлығып. Ұшып тұрдым. Әйелдің даусы мені қатты алаңдатты. Көлігіме міндім де әлгі тұрғынның үйіне небары екі минутта жетім бардым. Үйге кіргенім сол еді ішіп алған еркек әйелімен ерегісіп, шу шығарып жатыр екен. Өзі удай мас. Әйелін де, бала-шағасын да, мені де қасына жақындатпайды. Бәрің шығыңдар менің үйімнен! Кетіңдер деп айқайлап жатыр. Әңгімеге алдандыруға тура келді. Өзі туралы сұрап, мереке екенін айтып, жаймен жақындай түстім. Бір кезде қолынан шап беріп ұстап алып, сол жердегі столды алдым да ешқайда кетіп қалмас үшін қолын артқа қайырып, байлап қойдым. Мастығы тарқасын деп әйелі ағарғанды құйды аузына, одан мұздай сумен жуындырды, сөздің шыны керек, отбасы үшін алаңдадым. Оларды ішіп алған адаммен қалдырып кеткім келмеді. Осылайша арада бірнеше сағат өтті. Уақыт 12-ден асып жатыр. Өз-өзіне келіңкіреді-ау дегенде отбасын, өсіп келе жатқан балаларын айтып, олардың болашағын елестетуін сұрап, біраз өмірден көрген-білгенімді айттым. Әкенің отбасындағы рөліне де тоқталдым. Әзер дегенде оның ашуын бастым. Әйелі де ашуланғанын қойды. Осылайша мерекені сол үйдің ерлі-зайыптыларын татуластырумен өткізгенім бар…
Бірақ кейіннен ол ер азаматты арнайы психолог мамандарымен сөйлестіріп, нұсқаунама бойынша қылмыстың алдын алуға бағытталған және тиісті жұмыстарды жүргіздім. Себебі оның іс-әрекеті өзгелерге қауіп төндірмес үшін одан әрі қарай да менің қадағалауымда болды.

Осылайша өзінің Жаңа жыл күні әдеттегі қызметін атқарған учаскелік полицей аумағындағы бүтін бір отбасын даудан аман алып қалды. Өйткені ашуға булыққан әйел мен еркек ары қарай да жанжалдарын жалғастыра бергенде бәлкім оқиғаның соңы қайғылы аяқталар ма еді, арғы жағын ойлаудың өзі қиын.

– Полиция қызметкерімін деп қолымдағы билікке сеніп күйеуін уақытша қамаққа алуыма да болар еді. Бірақ мен олай жасамадым. Өйткені оларды мен жақсы білемін. Қарапайым әрі тәрбиелі отбасы болатын. Бүгінгі күнге дейін кездескен жерде қолымды алып, жағдай сұрасып тұрамыз. Былтырғы жылғы кезекшілігімдегі мерекелік түн осылай өтті,- деді Нұрбол Есенбеков.


Нұрбол 1987 жылы 11 ақпанда Түлкібас ауданы Дауан ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Петропавл қаласындағы ішкі әскерде болып, одан соң заңгер мамандығы бойынша Мардан Сапарбаев атындағы жоғарғы оқу орнында білім алған. Бойына сіңірген білімі мен өзінің бала кезден полицей боламын деп армандаған балауса арманына қол жеткізіп, Түлкібас аудандық полиция бөлімі мамандандырылған күзет басқармасына полиция қызметкері болып қабылданады.
Басшылар тарапынан жүктелген жұмыстарды жауапкершілікпен атқара білетін қызметкер Нұрбол бірқатар марапаттармен мадақталған. Соңғы алғыс хатын өңір әкімінің қолынан ҚР Тәуелсіздік күні алды. Бүгінде полицейдің айрандай ұйыған өз шаңырағы бар. Өмірлік жары Рабиға екеуінің төрт жастағы қызғалдағы Балнұр өсіп келеді. Ал анасы Сейсебаева Күләш келесі жылы құрметті зейнеткерлікке шығады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру