Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық ақ жаулықты ана 100 жасқа қараған шағында ҚР-ның азаматтығын алды

Түркістандық ақ жаулықты ана 100 жасқа қараған шағында ҚР-ның азаматтығын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-ның Көші-қон қызметі бөліміне 1922 жылы туған Аманкүл Марасулова ҚР азаматтығына қабылдау туралы өтініш білдіреді. Негізінде ақ жаулықты ана ұлты қазақ болғанымен, Өзбекстан Республикасының азаматтығын алған. 2011 жылы Қазақстандағы ұлының үйіне келіп, тұрғылықты тұру үшін іс-құжаттарын өткізіп, ҚР-ның ыхтияр хатымен құжаттандырылған. Бұл құжаттың аяқталу мерзімі жақындап қалғасын, перзенттері Қазақстанда тұратындықтан ҚР-ның азаматтығына өткісі келген. Содан тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, ақ жаулықты ананы ХҚКО-на жедел жеткізіп, қажетті фото-бейнеге түсіреді. Іс-құжаттарын тез арада жинақтайды. Осылайша Түркістан қаласының тұрғыны Аманкүл Марасуловаға Азаматтық алуға көмек берілді.

Дайын құжатты табыстау үшін Түркістандық полицейлер ғасырға жуық өмір сүрген ананың қара шаңырағына арнайы барды. Қарт кісіні келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сый-сыяпаттарын жасады.

Өз кезегінде кейуананың куанышында шек болмады. Ол полиция қызметкерлеріне және оларды басқарып отырған басшыларына аналық алғысын жаудырды.

– Біздер кезінде қаншама қиыншылықтарды көргенбіз. Ендігі уақытта біз көрген соғысты, ашаршылықты көрмеңдер. Дендеріңе саулық тілеймін. Еліміз аман болсын, көбейіп, өсіп-өне беріңдер. Рақмет айтамын!, – деп шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Ал, әжейдің ұлы Абдурахим Марасулов болса, анасы кезінде шаруақор адам болғанын жеткізді.

– Әкемізден жастай айырылдық. Сонда да анамыз бізді ешкімнен кем қылмай өсірді. Оқытты. Ел үшін еткен еңбегі еленіп, бірнеше рет Кеңес депутаты да болды. Өмірге үш ұл, бір қызды әкелді. Олардан бес немере, 13 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Отбасымызда барлығымыз Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанбыз. Енді міне анамыз да біздің қатарымызға қосылды. Қуаныштымыз!, – деп атап өтті.

Жалпы, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінде құжаттанбаған немесе КСРО құжатымен қалып қойғандарға, егде жастағы жүріп-тұруы қиын қарияларға құжат рәсімдеу мақсатында көші-қон қызметкерлерінен арнайы мобильдік топтар құрылып, қарқынды жұмыс жүргізуде. Ең басты мақсат халықты сандалтпай, оларға қолайлы қызмет ұсыну болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру