Көлік жүргізушісі екінші рет мас күйде ұсталды
Түркістан облысының полицейлері екінші мәрте мас халде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері кезекті рейд жүргізу барысында «Жібек жолы-Жетісай» тас жолының бойында күдік тудырған «Volkswagen» маркалы автокөлікті тоқтатады. Полицейлер жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында, оның бұдан алдын ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге автокөлік құралын басқару құқығынан айрылғанын анықтайды. Десе де ол осыған қарамастан, медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес «орта» дәрежелі мас халде қайта көлік тізгіндеген. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТБТ-ге тіркеді. Осыған байланысты өз қатесін қайта қайталаған жүргізуші қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілді.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданының тергеу судьясымен мас халде көлік басқарған күдікті ер азаматқа екі ай мерзімге дейін үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, қамаудан босатылды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға: мас күйінде рульге отырмауға, жылдамдықты асырмауға, маневр жасау ережелерін бұзбауға және қарсы жолаққа шықпауға, сондай-ақ жолдарда қашықтықты сақтауға шақырады.