Қоғамдық жұмыстардан жалтарған азамат темір торға тоғытылды
Алматы облысында қоғамдық жұмыстардан жалтарған сотталған азамат бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 2020 жылғы 30 қарашада аталған азамат Ескелді аудандық сотының шешімімен 80 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына сотталған.
Ол тұрғылықты жері бойынша Талдықорған қалалық пробация қызметі бөліміне есепке қойылды. Алайда аталған азамат есепке қойылған сәттен бастап профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін шақырған бөлім инспекторларының хабарламаларын елеген жоқ.
Оны пробация қызметі бөліміне Талдықорған қалалық ПБ учаскелік инспекторлары мәжбүрлеп жеткізгеннен кейін, сотталған адамға «Көркейту-Талдықорған» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қоғамдық жұмыстарды орындауға жолдама берілді.
Өткізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан, сотталған азамат сот тағайындаған қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтаруды қасақана жалғастырды.
Алматы облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы облысының Талдықорған қалалық соты пробация қызметінің бұл азаматтың жазасын қамауға алуға ауыстыру туралы ұсынысын зерделеп, оған қатысты 80 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны 20 тәулікке қамауға алу түріндегі жазаға ауыстыру туралы шешім шығарды.
– Істеген ісіме де, қоғамдық жұмыстардан жалтарғаным үшін де өкінемін. Егер қайта оралуға мүмкіндігім болса, онда мен қамауда отырғаннан гөрі, қоғамдық жұмыстармен айналысатын едім. Мен қоғамдық жұмыстардың маңыздылығын түсінбедім, – деп бөлісті сот залында қамауға алынған сотталған азамат.
– Өкінішке орай, жазаны өтеу ережелері мен тәртібін бұзуға жол бермеу үшін жүргізіліп жатқан барлық профилактикалық жұмыстарға қарамастан, сотталғандар сот тағайындайтын қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтаруды жалғастыруда. Өз кезегінде, пробация бөлімінің қызметкерлері заңмен көзделген талаптарды тиісінше орындайды, – деп түсіндірді Алматы облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.