Қар құрсауынан 50-ден астам көлік құтқарылды
Жыл басынан бері ауа райының қолайсыздығына байланысты автомобиль жолдарындағы көлік құралдарының қозғалысына 100-ден астам шектеу қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атап айтқанда, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Алматы облыстарында көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
Шектеу кезінде жол белгілері мен қоршаулар қойылды. Қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету үшін патрульдік полиция жасақтары тәулік бойы кезекшілік етті.
Осы кезеңде қар құрсауынан 50-ге жуық автокөлік шығарылды.
Осыған орай Министрдің атына азаматтардан алғыстар келіп түсуде, онда азаматтар көрсеткен көмектері үшін полицейлерге жылы лебіздерін білдіруде.
Айталық, Қырғызстан Республикасының Экономика министрі Павлодар облысы Полиция департаментінің жеке құрамына алғыс жолдаған. Бұл хатта жүк көлігін тізгіндеген Қырғызстан Республикасының азаматына қатты аязда Шідерті кентінің маңындағы тас жолда тұрып қалған кезде полицейлердің көмек көрсеткендігі айтылған.
Хатта полиция подполковнигі Жақсылық Байысбеков, аға лейтенанттар Азамат Шақшабаев пен Руслан Верещактың адамгершілігі мен қызметініне деген адалдығы адам өмірін құтқаруға себеп болды. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды, – деп атап өткен.
Оқиғаны қысқаша баяндап өтсек, Қазгидромет орталығының – 43 градусқа дейінгі қатты аязға байланысты жасаған ескертулеріне қарамастан, жүргізуші Ресей Федерациясынан Қырғызстан Республикасына жүк автомобилімен жолға шыққан. Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты машинада жанармай қатып қалған. Осындай қиын жағдайда жүргізушіні қатты үсік шалуы мүмкін еді.
Алайда жол бойында тұрған жүк көлігін сол жерде қызмет атқарып жүрген полицейлер байқап, бірден көмекке келген. Олар үлкен жүк көлігін жылы боксқа апарып, жүргізушіге жылынуға көмектескен. Көлік ақауы жөнделген соң жүргізуші қайта жолға аттанған.
ІІМ қыс мезгілінде ауа райының қозғалыс режимдеріне әсер ететінін, жауын-шашын кезінде айналаны көру нашарлайтынын ескеру керектігін еске салады.
Жүргізушілер ауа райы жағдайларын ескеріп, қауіпсіз жылдамдықты және автомобильдер арасындағы қашықтықты сақтауы қажет.