Ер адам есірткімен ұсталды
Түркістан облысының полицейлері есірткі затын қолданған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-нің жергілікті учаскелік полицейлері рейдтік іс-шара жүргізу үстінде Қонаев көшесінің бойында күдік тудырған екі тұрғынды көреді. Содан полицейлер олардың жеке басын анықтайтын құжаттарын сұраған. Алайда екі еркек мас халде болған соң жеке куәліктерін көрсете алмаған. Сондай-ақ полицейлер тексеру барысында күдіктінің бірінен арқа жағына асынған, жолдорбаларының ішінен ақ түсті қағазға оралған жасыл түсті шөпті байқайды.
Түлкібастық полицейлер алынған жасыл түсті шөпті сараптамаға жолдады. Сараптама нәтижесі бойынша алынған өсімдік хош иісі бар марихуана болып шықты. Салмағы 70 грамм.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеді. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, басқа да қылмыстық істерге қатысы бар жоқтығы анықталуда. Бүгінгі таңда күдіктінің бас шарасы келу туралы міндеттемеде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады.