Атырауда фитнес орталығында жасалған ұрлықтар ашылды
Атырауда фитнес орталығының келушілерінен ақша ұрлаған күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4-15 қаңтар күндері аралығында полицияға Атырау қаласы Қ.Сәтбаев көшесінде орналасқан фитнес орталығында ақша қаражаттарының қолды болғаны туралы бес азамат шағымданған. Олардың айтуынша, ақша қаражаттары орталықтың киім ауыстыратын бөлмесінде тұрған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 159 000 теңгені құрайды.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері аталған азаматтардың ақшаларын қолды қылған 31 жастағы азаматшаны анықтап, ұстады.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) тергеп-тексеру жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері азаматтарға жеке заттары мен ақшаларын қараусыз қалдырмауды ескертеді.