Тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен алматылық ұсталды
Түркістан облысының полицейлерімен тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен алматылық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар арызданып, мал бағуға жұмысшы болып жалданған ер адамның бағалы дүниелерін жымқырып кеткенін жеткізеді. Жәбірленушінің бірінің айтуынша, оның жайылымда мал қорасы жанында тұрған «Ауди 80» маркалы көлігін заңсыз айдап кеткен. Көліктің ішінде ұялы телефоны болған. Келесі арызданушы болса, бір қойы ұрланғанын хабарлаған. Полицейлер аталған жайттарды ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) және 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Қазығұрт АПБ-ның КПБ қызметкерлері бұл іс бойынша жедел-іздестіру шараларын бастап кетті. Оқиға орнын шолып шығып, куәгерлерден сұрастырды. Полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында көлік Тараз қаласы көшелерінің бірінен табылды. Алайда көлікте ешкім болмаған. Тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарын қайта жалғастырады. Қылмысты толық ашып, күдіктіні құрықтауға байланысты шаралар іске асырылады.
Нәтижесінде күдікті Алматы қаласынан жасырынып жүрген жерінен ұсталды. Аудандық полицейлер оны Қазығұрт полиция бөліміне жеткізеді. Ол бұрын сотты болған, Алматы қаласының тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, ер адам Қазығұрт ауданына жұмыс істеуге келген. Содан қасында мал бағып жүрген тұрғынның көлігін және жұмыс ұсынған адамның қойын артып, бірден жоқ болған. Көлікті Тараз қаласына тастап кетіп, ішіндегі ұялы телефонды, бір бас қойды сатып жіберіп, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Полицейлер көлікті өз иесіне қайтарған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға, мал-мүліктеріңізге автокөліктеріңізге сақ болуды және қараусыз қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше автокөліктерді күзетілетін тұраққа қойып, күзет дабылымен жабдықтау қажет. Автокөлік ұрланған жағдайда тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.