Қарағандылық полицейлер мектеп оқушыларын марапаттады
Қарағандылық полицейлер ауыр қылмыстың ашылуына көмек көрсеткен мектеп оқушыларын марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Омаров № 52 орта мектептің бес оқушысына грамоталар табыстады.
Осылайша, ауыр қылмысты ашуда белсенді көмек көрсеткендері үшін мектеп оқушыларына ерекше құрмет көрсетілді.
Еске сала кетсек, Орталық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Ерубаев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында бір адамды тонап кеткені туралы хабарлама түскен.
Жедел-тергеу тобы оқиға болған жерді тексеру кезінде белгісіз біреудің 53 жастағы әйелдің қолынан сөмкесін тартып алып, үйлердің арасымен қашып кеткенін анықтады. Жәбірленушінің айтуынша, сөмкеде құжаттар мен ақша болған.
Сол жерде жүрген Дима Дроздов, Данил Дужак, Максим Соколов, Илья Сакович және Илья Андрюк секілді мектеп оқушылары бұл қылмыстың куәгерлері болған. Балалар тәртіп сақшыларына адам тонаған қаскүнемнің қашып кеткен бағытын көрсетіп, сыртқы келбетін сипаттап берген.
Аталған жасөспірімдердің көмегінің арқасында полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған 23 жастағы қала тұрғынын «ізін суытпай» ұстады. Құжаттар мен ақша салынған сөмке жәбірленушіге қайтарылды.