Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карантиндегі кезекті той Сарыағашта анықталды

Карантинге қарамастан қыз ұзату тойын жасағандар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин енгізілгені баршамызға белгілі. Десек те, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес. Карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар осындай олқылықтарды дер кезінде анықтап, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері сағат 14:30 шамасында Сарыағаш қаласы арқылы өтетін Шымкент-Жетісай тас жолының бойында орналасқан тойханада қыз ұзату тойы өтіп жатқанын анықтаған. Тойға 90-ға жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды тоқтатқан.

Жалпыға ортақ шектеу шараларын сақтамауымен қатар, карантин талаптарын елемеген тойхана әкімшісіне және той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға, яғни Сарыағаш аудандық СЭББ-ға жолдады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайлық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанған жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру