Қызылордада өткен жылы заңсыз айналымнан 349 келіден астам есірткі тәркіленді
Қызылорда облысында 2020 жылы заңсыз айналымнан 349 келіден астам есірткі тәркіленген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс көлемінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар нәтижесінде өткен жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 386 құқық бұзушылық анықталды.
Есірткіні өсіру мен сақтау орындарын анықтау, сондай-ақ тасымалдаудың жолын кесу мақсатында шалғайдағы учаскелерге және айналмалы жолдарға қалалық полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен құралған топтар тексеру жұмыстарын жүргізді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Ұлттық ұланның әскери тікұшағының көмегімен әуеден шолу жасалды.
– Тексерулер барысында есірткі өсірудің 27 дерегі далалық аймақтан, 48 дерегі үй, саяжай ауласынан және 1 дерегі мекеме аумағынан табылды. Есірткі өсіргені үшін барлығы 63 адам ұсталып, оның 27-і қамауға алынды. Егілген 31 мың 437 түп сора өсімдігі жойылды. Заңсыз айналымнан барлығы 349 келі 322 грамм есірткі және алты дана атыс қаруы тәркіленді, – деді облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Беркімбаев.