Қарағандылық қаскүнем зейнеткердің екі ұялы телефонын тартып алған
Қарағанды облысында зейнеткердің екі ұялы телефонын тартып алған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 қаңтарда Қарағанды облысы Теміртау қаласының Ескіқалалық полиция бөліміне 68 жастағы қала тұрғыны жүгініп, белгісіз біреудің көшеде оған күтпеген жерден шабуыл жасағанын айтып шағымданды.
Қаскүнем қарт адамды жарақаттап, екі ұялы телефонын тартып алған.
Келтірілген шығын мөлшері 80 мың теңгені құрады.
Зейнеткер күдіктінің сыртқы белгілерін сипаттап, оның 35-40 жас шамасында екендігін айтып берді.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 39 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, заттай айғақтар алынды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабымен (Тонау) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.