Қостанайлық жас полицей ұрыларды «ізін суытпай» ұстады
Арқалықта жас полицей Бағдат Бәйменов пәтер ұрлығын ашып, ұрыларды «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол Арқалық қаласының Полиция басқармасында бір айдан бері ғана жұмыс істейді. Жуырда ол «ізін суытпай» қылмыс ашып, пәтер тонаған ұрыларды құрықтады.
Оқиға 2021 жылдың 27 қаңтарында түнгі сағат 3-тер шамасында болған. Полицей кезекті ауысымнан үйіне қайтып келе жатқан. Ол көпқабатты үйдің кіреберісіне кіргенде күдікті екі адамды байқаған, олар полицей формасындағы адамды көріп, сөмкелерін тастап, қаша жөнелген.
Бағдат пәтер есігінің ашық қалғанын көріп, көршілерінің үйіне ұры түскенін дереу түсінген.
Көшеде күдіктілердің екеуі екі жаққа қашқан.
Ол ұрылардың бірін Байтұрсынұлы көшесінде ұстап, оны Полиция басқармасына жеткізген. Біраз уақыттан кейін бейнекамералардың көмегімен екінші күдіктіні автопатруль ұстады.
Тексеру барысында күдіктілердің бұрын сотты болған Арқалық қаласының 24 және 27 жастағы тұрғындары екені анықталды.
Ұрылар пәтерге иелері ұйықтап жатқан кезде кірген. Олар үйде бар заттардың бәрін ұрлай бастаған. Алайда қырағы полицей олардың алысқа ұзауына жол берген жоқ.
Бағдат Бәйменов оқудан кейін Арқалық қаласының Полиция басқармасына полицей-жүргізуші болып қабылданған. Жас қызметкердің қырағылығы қылмыстың «ізін суытпай» ашуға ықпал етті.