Келестік полицейлер 500-ге жуық адамды жинап, көкпар ұйымдастырғанды анықтады
Келестік полицейлер 500-ге жуық адамды жинап, көкпар ұйымдастырғанды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес Түркістан облысының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында карантин енгізілген. Күн сайын полиция мен СЭС және басқа да мүдделі органдардың өкілдерінен тұратын арнайы топтар халық арасында карантин талаптарын сақтау бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мобильдік топтар дүкендер, базарлар, ойын-сауық орындары, дәріханалар және өзге де сауда орындарында санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуын анықтау мақсатында тексереді. Осыған қарамастан, кейбір азаматтар мен мекемелердің иелері бұл талаптарды елемей, отбасылық және үйлену тойларын ұйымдастырып, көбінесе туыстары мен шақырылған қонақтарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Мысалы, Келес АПБ-нің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар кезінде ауылдардың бірінің жанында кезекті «көкпар» жайтын анықтады. Тәртіп сақшылары «көкпарға» қатысушы 500-ге жуық адамды дереу тоқтатып, олармен карантинді бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түгел үйлеріне таратты.
Іс-шараны ұйымдастырушыға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып айыппұл салынды. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті құзыретті органдарға жіберілді.
Өз кезегінде полицейлер Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарын бұзбауға шақырады. Базарларға, дүкендерге және адамдар көп жиналатын басқа жерлерге, қоғамдық көліктерге барған кезде медициналық бетперде киіп, антисептиктерді пайдалану және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет.