Қарағанды облысының тұрғыны сатып алған тауарына жалған ақша төлеген
Қарағанды облысында жалған ақшамен сауда жасаған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қаңтар күні Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық полиция бөліміне 46 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Жәбірленуші азаматша қаладағы дүкендердің бірінде сатушы болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, жұмыс күндерінің бірінде дүкенге белгісіз біреу келіп, 10 мың теңге ақша беріп, нан алып, қалған 9840 теңгесін алып кеткен.
Ал тексеру барысында 10 мың теңгелік купюраның жалған екені анықталған.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
7 ақпан күні криминалдық полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 34 жастағы азаматты ұстады. Ол қылмысын мойындады. Тергеу амалдары жүргізілуде.