Атыраулық полицейлер шанақ нөмірлері жалған автокөлікті анықтады
Атырауда полицейлер шанақ нөмірлері жалған көлікті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облыстық Полиция департаментіне қайтыс болған жолдасының «Lexus LX» маркалы көлігін өз атына ресімдеу туралы мәселемен 1949 жылы туған қала тұрғыны жүгінді.
Алайда құжаттарды ресімдеу кезінде полиция қызметкерлері Қызылорда облысында 2013 жылы дәл сондай үлгідегі автокөлік тіркелгендігін анықтады. Сондай-ақ, екі автокөліктің шанақ және қозғалтқыш нөмірлері де бірдей болып шықты.
Азаматшаның айтуынша, олар автокөлікті 2006 жылы Алматы қаласынан сенімхат арқылы сатып алып, көлікті тұрғылықты мекен-жайы бойынша Атырау қаласында жолдасының атына ресімдеген.
Қазіргі уақытта екінші автомобиль Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына тиесілі екендігі белгілі болды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды автокөлік сатып алған кезде сақ болуға, сатып алу үшін таңдалған көліктің VIN коды мен шанақ нөмірлерін техникалық паспортпен уәкілетті органда салыстырып, тексертуге, сондай-ақ, сатып алу кезінде сатып алу-сату шартын жасасуды естен шығармауға шақырады.