Пәтерін жеңіл жүрісті қыздарға жалға берген атыраулық азаматша жауапқа тартылды
Атырауда жезөкшелікпен айналысатын қыздарға пәтерін жалға берген азаматшаға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 4 ақпан күні сағат 02:52-де Атырау қаласы Уәлиханов көшесінде орналасқан «Томирис» ықшам ауданының тұрғыны көрші жалдамалы пәтерде жеңіл жүрісті қыздардың адамдарды қабылдап, түнде мазаларын алғаны туралы полицияға хабарлама берген.
Хабарлама бойынша учаскелік полиция инспекторлары тексеру жұмыстарын жүргізіп, аталған пәтерді жалға алған Түркістан қаласының екі тұрғынының жезөкшелікпен айналысатыны анықталды, оларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабымен (Тыныштықты бұзу) хаттамалар толтырылды.
Ал пәтерді жалға берген иесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 450-бабымен (Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну) хаттама толтырылып, 218 775 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, пәтерді жалға беру дерегінің заңдылығын тексеру мақсатында мәліметтер Атырау қаласының Мемлекеттік кірістер басқармасына жолданатын болады.