ШҚО-да темекі тұқылын жерге тастаған екі тұрғын жауапқа тартылды
"Таза Қазақстан" бастамасы аясында Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында қоғамдық орындарды ластау деректері тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Катонқарағай ауылында 31 жастағы жергілікті тұрғын сауда үйінің алдында темекі шегіп, тұқылын жерге тастаған. Осындай жағдай Жанпейісов көшесінде де болған. 47 жастағы ер адам аудандық әкімдік ғимаратының алдында темекі шегіп, тұқылын жерге тастаған.
Аталған екі дерек бойынша заң аясында шара қабылданды.
Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда тазалық сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және абаттандыру қағидаларын қатаң ұстануға шақырады. Темекі тұқылын, тұрмыстық қалдықтарды және өзге де қоқыстарды белгіленбеген орындарға тастауға жол берілмейді. Әрбір азамат қоғамдық тәртіпті сақтап, айналаның тазалығына жауапкершілікпен қарауға тиіс.
