Қарағанды облысында зейнеткердің банк картасын ұрлаған күдікті ұсталды
Бұқар жырау ауданы Ғ.Мұстафин кентінің полиция бөліміне 66 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Зейнеткер өзінің банк картасынан жинаған қаражаты жоғалғанын айтып, полициядан көмек сұраған. Келтірілген материалдық шығын 240 мың теңгені құрады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, қысқа уақыт ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жәбірленушінің 37 жастағы көршісі болып шықты.
Алдын ала мәлімет бойынша күдікті зейнеткердің банк шотында қаражат бар екенін білген. Әйел көршісінің сенімін теріс пайдаланып, оның банк картасын жасырын түрде ұрлап кеткен деген күдікке ілінді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция азаматтарға банк карталарын бөгде адамдарға бермеуге, жеке қаржылық мәліметтерін құпия сақтауға және күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді.
