Маңғыстауда полицейлер шетелдік туристің жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етті
Маңғыстау облысының тасжолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және туристерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқару барысында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі.
Кезекті патрульдеу кезінде Шетпе – Сайөтес республикалық маңызы бар автожолының Ман ата асуына жақын учаскесінде велосипедпен келе жатқан шетелдік турист анықталды. Полицейлер дереу тоқтап, туристің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оған жарық шағылыстырғыш лента тағып берді. Бұл шара жолда келе жатқан автокөлік жүргізушілерінің велосипедшіні дер кезінде байқап, қауіпсіз арақашықтық сақтауына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, мұндай профилактикалық іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыруға, әсіресе тәуліктің қараңғы уақытында көріну деңгейін жақсартуға бағытталған.
Полиция қызметкерлері жүргізушілер мен велосипедшілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіздік талаптарына бейжай қарамауға шақырады.
