Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Интернет-алаяқ өзі алдаған әйелдің ақшасын қайтарды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері интернет-алаяқтың құрығына түскен әйелге ақшасын қайтарып алуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полицейлері интернет-алаяқтық фактілеріне қарсы күресті күшейтті. Аққайың ауданының жедел уәкілдері өткен жылғы шілде айынан іздеуде жүрген күдіктіні іздеп тапты. Интернетте оңай жолмен ақша табу туралы жарияланған хабарландырудан алданып қалған 50 жастағы ауыл тұрғыны аудандық полиция бөліміне жүгінді. WhatsApp мессенджеріндегі топтың ұйымдастырушысы ақшаны жылдам «еселеп беруді» ұсынған.

Бастапқы жарна 500 теңгені құрады. Уәде етілген соманы қолға түсірген әйел ақшаға қызығып, екі аптаның ішінде алаяққа 90 мың теңге жіберген. Оның 30 мыңы «табыс» ретінде қайтарылып, қалған ақшасынан айырылып қалған екен. Алаяқтың құрығына түскенін түсінген әйел полицияға жүгінеді. Полицейлер ізіне түсетінін сезген күдікті жасырынуға тырысады, алайда, жедел уәкілдер оның жүрген жерін анықтайды. Қызметтік іссапар барысында көрші облыстағы ауылдардың бірінде Қостанай қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті келу түріндегі мәжбүрлеу шарасы тағайындалды. Қазіргі уақытта жәбірленушіге келтірілген шығын толығымен өтелді. Полицейлер күдіктінің осындай қылмыстарға қатысын тексеруде.

– Криминалдық полиция қызметкерлері хабарландыру сайттарында, әлеуметтік желілерде ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді күшейтті, – деді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин. – Қазіргі уақытта облыста киберқылмысқа қарсы «Antifraud» іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның екі күнінде құқыққа қайшы контенті бар сайттарға 80 сілтеме анықталды, сілтемелер мүдделі органдарға бұғаттау үшін жолданды. Ақпараттық технологиялар саласында бұрын жасалған 10 қылмыс ашылды, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне үш анықталған қылмыстық құқық бұзушылық енгізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру