Қостанайда жас жігіт жұмыс берушіге тиесілі мүлікті қолды қылған
Қостанай облысының полицейлері жұмыс берушіге тиесілі мүлікті қолды қылған жас жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Қамысты ауданының Алтынсарин ауылында орын алған, келтірілген шығын 50 мың теңгеден асады.
23 қаңтарда Қамысты ауданының полиция бөліміне жергілікті ЖШС механизаторлары ауылшаруашылығы техникасының автомагнитоллары мен кілттер жинтығының жоғалғаны туралы арызбен жүгінді.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай анықтады. Ол кәсіпорын ғимаратында от жағушы болып жұмыс істейтін 1995 жылы туған жас жігіт болып шықты. Ол қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жылу жүйесін тексеру мақсатында шеберханаға кіріп, онда тұрған үш трактор мен жүк машинасының ашық кабиналарынан автомагнитоллары мен кілттер жиынтығын заңсыз иемденген.
Жас жігіт оларды сатпақшы, түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсамақ болған. Алайда, оның жоспары жүзеге аспай, полиция қызметкерлері ұрланған заттарды иелеріне қайтарды.
Аталған факт бойынша 24 қаңтарда ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен (Ұрлық) қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта материалдар сотқа жіберілді.
Жәбірленушілер Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығына жазбаша алғыс жолдады.