Түркістан тұрғындары Ұлытауда браконьерлікпен айналысқан
Қарағанды облысында 11 адамнан тұратын браконьерлер тобы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 ақпанда елді мекендердің бірінің аймағында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Қарағанды облысы Ұлытау ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері дала жолымен келе жатқан жол талғамайтын үш көлікке назар аударған. Олардың екеуі – “Chevrolet Niva”, ал біреуі – “Mitsubishi Pajero” маркалы көлік табылады. Шалғайдағы мұндай “керуен” полиция қызметкерлерінде күдік тудырып, олар бұл көліктерді тоқтатқан.
Тексеру барысында аталған көліктерде 29 және 48 жас аралығындағы он бір ер адам бар екені, олардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары екені анықталды.
Бұдан басқа тәртіп сақшылары аталған көліктерден атылған он бес қоян, төрт аңшы мылтығын, патрондарды, екі рация мен екі қоян терісін тапты.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабымен (Заңсыз аңшылық) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.