Балқаштық алаяқ жұмысқа тұрғызамын деген желеумен жәбірленушіден 32 мың теңге ақша алған
Қарағанды облысының Балқаш қаласында алаяқ жұмысқа орналастырамын деген желеумен жәбірленушіден 32 мың теңге ақша алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпанда Қарағанды облысы Балқаш қаласының полиция бөліміне 54 жастағы тұрғынның арызы келіп түсті. Ол әлеуметтік желілер арқылы белгілі бір азаматпен байланысқа шыққанын түсіндірді. Бейтаныс адам жұмысқа орналасуға байланысты кез-келген мәселені шеше алатынын айтып, өз қызметі үшін алдын-ала төлем талап еткен. Жәбірленуші әйел оған интернет қосымшасы арқылы 32 мың теңге аударған.
Келісілген уақыт өтіп, аталған азамат хабарсыз кеткен кезде, жәбірленуші оның алаяқ екенін түсініп, полицияға шағымданған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 39 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол кінәсін мойындады.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Полиция ұсталған адамның басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.