Жамбыл облысы ПД-нің 42 қызметкері әскери қызметін Ауғанстанда өткерген
Ауғанстан Демократиялық Республикасында Жамбыл облысының Полиция департаменті жеке құрамының 42 қызметкері әскери қызмет өткерген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл ондаған мың кеңес әскері секілді олар үшін қасиетті интернационалдық борыш болды. Моджахедтердің бандалық құрамаларымен жауынгерлік іс-қимылдарға қатыса отырып, Қазақстаннан келген жауынгерлер өздерін күш-қайраты толысқан және рухы мықты ержүрек батырлар екендерін көрсетті.
Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 32 жыл болды, бірақ адам жадысы жалпыға ортақ ерлікті ұмытпай, оны жүректерінде сақтайды.
Қазіргі уақытта Ауғанстан жерінде қызметтік борышын атқарған Жамбыл полициясы қатарындағы қызметкерлердің көпшілігі-құрметті еңбек демалысында, ал кейбіреулері- қайтыс болған ІІО ардагерлері. Ауғандық жауынгер-зейнеткерлер арасынан экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін және жастарға патриоттық тәрбие беруге белсенді қатысатын отставкадағы полиция полковнигі Расим Мишуров пен отставкадағы полиция майоры Геннадий Пивняның есімдерін ерекше атап өту керек.
Бұл күндері полиция қатарында қызмет атқарып жүрген тек бір ауғандық жауынгер- Шу ауданының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Ертай Кунчашев.
Екі Қызыл Жұлдыз орденінің кавалері, “Ауған халқының атынан алғыс” ордені, “Жауынгерлік қызметі үшін” медалі – біздің жерлесіміз Ертай Иманбайұлының ерлігі, абыройы мен батылдығы үшін алған осы наградалардың өзі көп нәрсені білдіреді.
1985 жылдың қараша айында Ертай КСРО Қарулы Күштері қатарына шақырылып, Ашхабадта екі айлық оқудан кейін Ауғанстанға жіберіледі. Ол барлық әскери қызметін Кандагар маңындағы Чарджой шатқалында орналасқан барлау ротасында өткеріп, оны взвод командирінің орынбасары лауазымында аяқтады. Спорттық шынығу жас жауынгерге соғыста аман қалуға көмектесті, өйткені ол бокстан КСРО спорт шеберіне үміткер болатын.
1987 жылы аман-есен елге оралған Ертай екі жылдан кейін Қаратау қаласындағы автобус паркінде жүргізуші болып жұмыс істейді, ал 1990 жылы наурызда Жамбыл облысының ішкі істер органдарына қабылданады. Жоғары білімді қызметкер қызмет атқарып жүріп (“Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы”, ТарМУ) Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің заң факультетін бітірген.
Ауғанстандағы соғыс тарих еншісінде қалды. Ол туралы естеліктер- жүректегі жара. Полиция полковнигі Е.И.Кунчашев бұл тақырыпта сөз қозғағанды ұнатпайды. Алайда, Ауған соғысының ауыр сынақтары оның мінезін қатайтып, кейіннен полиция қызметінде көмектескенін мойындайды.
Жамбыл облысының ішкі істер органдарында полиция полковнигі Е.Кунчашевтің жалпы жұмыс өтілі 30 жылдан асады. Осы уақыт ішінде ол қарапайым инспектордан аудандық полиция бөлімінің бастығы лауазымына дейін өсті.
Ертай Кунчашев өзін өте бақытты адам деп санайды. Біріншіден, ол сол қорқынышты Ауған соғысынан үйге аман оралды, екіншіден, оның жауапты жұмысы, сыйластығы қалыптасқан берік отбасы, сенімді және адал достары бар.
– Ең бастысы – біз басшылардың дана саясаты халықтың әл – ауқатына бағытталған және ешқашан өзін түрлі саяси ойындарға тартуға мүмкіндік бермейтін мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, – деді ауған соғысының ардагері Ертай Кунчашев.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылған күні қарсаңында полиция полковнигі Ертай Иманбайұлы Кунчашев өзінің жауынгер серіктерін, барлық интернационалист жауынгерлерді осы күнмен құттықтап, зор денсаулық, отбасылық амандық және рух тұрақтылығын тілейді.
Ал жас буын полиция қызметкерлеріне айтары:
– Өз еліңнің ғана емес, өз аймағыңыздың да ішкі істер органдарының қалыптасу тарихын біліңіздер. Құқық қорғау қызметінің даңқын асырған тұлғалардың есімдерін есте сақтаңыздар. Аға буынның ең үздік қызметкерлеріне теңесетіндей өмір сүріңіздер және қызмет атқарыңыздар!