Атырауда сотталғандар Қарттар үйінің ауласындағы қарды күреп берді
Атырауда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар Қарттар үйінің ауласындағы қарды күреп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталған азаматтар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды өздері ұсынған. Сондай-ақ сотталған азаматтарға жергілікті колледждің студенттері де көмектескен.
– Қоғамдық жұмыспен айналысу – азаматтық борышым. Қыстыгүні қарттардың қарын күреп, баталарын алғанымызға қуаныштымыз, – дейді ұрлық жасағаны үшін шартты түрде сотталған Азамат.
Қоғамдық жұмыстың басты мақсаты – ұсақ қылмыс жасап, құқық бұзушылыққа жол берген сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу. Айта кетейік, облыстық пробация қызметінің есебінде 800-ден астам сотталған бар.