Түркістан облысының бас полицейі мал ұрлығы туралы тұрғындарға үндеу жасады
Түркістан облысының бас полицейі мал ұрлығы туралы тұрғындарға үндеу жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына «МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮ КЕРЕК!!!» атты тақырыппен тұрғындарға үндеу жасаған жазбасын жариялады.
– Облысымыз мал жаюға жайлы жер болғандықтан, ауыл аймақтағы тұрғындардың көпшілігі төрт түлікті асырауды қолға алған. Сондықтан да мал ұрлығы орын алса, полицейлердің көмегіне жүгініп жатады. Өз кезегінде біздің сақшылар, мал ұрлығын міндетті түрде тіркеп, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда кейбіреулер малым әлі де табылмай, іздестірілмей жатыр деп шағымданады. Сондықтан түсіндіріп өткім келеді, қылмысты дер кезінде ашу оңай емес. Өйткені қылмыскерлер істеген ісін ешкім әшкере етпесі үшін барын салып, жасырынады. Ізін де жасыруға тырысады. Ал арызданушылардың көпшілігі малы жоғалса бірден полицияға емес, өздеріне сеніп іздестіреді. Сондықтан мал ұрлығы туралы ақпар кеш берілгеннен соң, бұл қылмыскерлердің пайдасына шешіліп, ізін жасырудағы арам ойлары іске асып кетеді.
Демек осы тұрғыда сіздерге, әсіресе мал иелеріне құлаққағыс:
Сырғаланған және таңбаланған малдарды іздеп табу таңбасы жоқ төрт түлікке қарағанда жеңілірек. Сол себепті барымташылардың дер кезінде жолын кесіп, оларды құрықтау үшін тұрғындар төрт түлігін уақтылы сырғалауы керек.
Ұры-қары үшін ашық-шашық қора таптырмас мүмкіндік. Олар осындай қораларды алдын-ала көріп-біліп, малды оп-оңай қолды етеді. Сол үшін қора-қопсының есік-терезесін, төбесін жақсылап бекітуге мән беру керек.
Сондай-ақ бақташыны жалдау да малдардың сенімді қолда болатынына кепіл. Ол үшін үшжақты келісімшартты пайдаланыңыздар!
Соңғысы өз малыңызға әрдайым сақ болыңыз! Сақтықта қорлық жоқ деген, ақыры сол мал сіздің табыс көзіңіз болып отыр ма, ендеше оны асырағанда жауапкершілікті сезініңіз!
Құрметті тұрғындар, осы айтылған кеңестерді ескеріп, сіздер де қылмыстың болмауына өз үлестеріңізді қосыңыздар! Мал-жан аман болсын!, – деп аяқтады.
Айта кету керек полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков ең маңызды орын алып жатқан қылмыстар туралы әрдайым тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жасап, ішкі істер саласында болып жатқан жаңалықтармен бөлісіп отырады. Сонымен қатар желі қолданушылары мен тұрғындарға қылмыс бойынша ескерту, кеңестерді айтып сақтандыру жолдарын да жеткізіп тұрады.