Сыр сақшылары Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді кескен азаматтарды ұстады
Қызылорда облысында Қызыл кітапқа енгізілген ағаштарды кескен ауыл тұрғындары қылмыс үстінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының Полиция департаменті Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау тобының және Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері бірлескен рейд өткізу барысында 1 наурыз күні Өзгент ауылынан үш шақырым жердегі тоғай арасында мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ «ВАЗ-2106» автокөліктерінің тіркемесіне Қызыл кітапқа енгізілген тораңғыны тиеп жатқан екі азаматты ұстады.
Күдіктілердің екеуі де 23 жастағы аудан тұрғындары екені белгілі болды. Олар аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, оқиғаның мән-жайлары анықталуда. Автокөліктер айыппұл тұрағына қойылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.