Қызылордада Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды
Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы мен Ардагерлер кеңесі полицейлерді Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Халқымыз қашан да нәзік жанды әйелдерді қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен бірліктің символына балаған. Үйдің киесі, жақсылық біткеннің діңгегі саналатын қыз-келіншектеріміз қазіргі таңда уақыт көшінен қалмай, кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетіп келеді.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысының Полиция департаментінде 400-ден астам әйел қызмет етеді. Полицейлердің қызметінің ауырлығына қарамастан, олар азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, тыныштық пен бостандықтың сақталуын басты міндеті санайды.
Бүгін Қызылорда облысының полицейлері ардагер апалары мен әріптестерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
– Жыл мезгілінің ең ғажайып кезеңі, көктемнің шұғылалы, шуақты күнінде сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүршік атқан көктемнің сұлу арайын ала келген мереке сіздерге бақыттың гүлін, сұлулық пен бейбітшіліктің жасампаздығын, әр күннің жылуы мен ырысын ала келсін! Берекенің бастауы өздеріңізден басталады. Отбасының ұйытқысы, әр шаңырақты шаттығы болып, ортамызда көктемгі бәйшешек гүліндей құлпырып жүре беріңіздер! Көгілдір көктем мерекесі өнегелі өмірлеріңіз бен биік көңілдеріңізге шұғыласы мен шуақты шапағатын шаша бергей! Дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! – деді Департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы.