Ақтөбеде бейнекамераның көмегімен тонау дерегі ашылды
Ақтөбеде белгісіз екі адам жігітті ұрып-соғып, жеке заттарын ашық ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы ПД маңызды бөлімшелерінің бірі Ақтөбе қаласы ПБ жедел басқару орталығы болып табылады. Мұнда тәулік сайын барлық жедел ақпарат түсіп, қалалық полиция қызметтерінің барлық күштерін басқару жүзеге асырылады. ЖБО қызметкерлерінің жұмысының арқасында полиция қызметкерлері кейде санаулы минуттарда қылмысты ашуға, қашып кеткен қылмыскердің тұрған жерін анықтауға және сол арқылы Ақтөбе қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етеді.
Әрбір бейнебақылау операторы қала аумағындағы жағдайды автомагистральдар мен қоғамдық орындарда орнатылған бейнекамералардың көмегімен қадағалайды. Олардың әрқайсысы айналаны шолуға ие және кез-келген учаскенің суретін үлкейтілген түрде бере алады.
– Бейнекамералардың көмегімен құқық бұзушылық жасаған адамның бетін немесе көліктің нөмірін толық экранға шығаруға болады. Біз камера арқылы жүріп келе жатқан автокөлікте қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе жүргізушінің ұялы телефонмен сөйлескенін анықтай аламыз, әдетте мұндай факт жақын маңдағы патрульге беріледі, патрульдік полицейлер өз кезегінде тәртіп бұзушыны ұстауға шаралар қолданады, – дейді Ақтөбе қалалық ПБ ЖБО бастығының орынбасары Жангелді Мұқанов.
Бейнекамералардың жазбалары базада бір ай бойы сақталады, яғни кез келген қылмыс немесе құқық бұзушылық фактісін камералардың көмегімен тексеруге болады.
Күн сайын полицияға 102 телефоны бойынша көптеген қоңыраулар түседі. ЖБО үш операторларының әрқайсысы күніне 60 және одан жоғары шақыруларды қабылдайды.
Мысалы, ағымдағы жылғы ақпан айында Алтынсарин көшесінде тонау жасалды, онда белгісіз екі адам жігітті ұрып-соғып, жеке заттарын ашық ұрлап кеткен. Бұл факт бейнебақылау камерасына түсіріліп, патрульдік полиция нарядтарына тапсырылды. Ізіне түсу арқылы күдіктілер ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен Ақтөбеде 28 қылмыс, сондай-ақ 3604 әкімшілік құқық бұзушылық ашылды.
Сонымен қатар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында, ҚР ІІМ халыққа ыңғайлы жаңа сервис – «102» мобильді қосымшасын іске қосты.
«102» мобильді қосымшасының көмегімен азаматтар полицияға жол ережелерін бұзу, жол апаты, отбасылық жанжалдар, балаларға немесе жануарларға қатысты зорлық-зомбылық, бұзақылық әрекеттер, төбелес, тыныштық режимін бұзу, қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу және тағы басқа да құқық бұзушылықтар туралы хабарлама жібере алады.
Сондай-ақ, ішкі істер органдарына өтініш беру, оператормен аудио және бейне қоңырау арқылы байланысу мүмкіндігі де бар, бұл ретте қоңырау шалушының орналасқан жері автоматты түрде анықталады, оператор не болып жатқанын көре алады және шұғыл ден қою шараларын қабылдай алады.