Түркістан облысының полицейлеріне шетелдік жүргізушілер алғыс айтты
Түркістан облысының полицейлеріне шетелдік жүргізушілер алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күннің күрт сууына байланысты бірнеше көліктер жолда келеңсіз жайттарға тап болды. Солардың бірі Алматы-Ташкент-Термез тас жолының бойында ауыр жүк көлігінің дөңгелегі мұзға тайып, жол шетіне шығып қалған. Мұны көрген полиция қызметкерлері тез арада жанына барып, көмек көрсетті. Тәртіп сақшылары басқа жолаушылармен бірге жүк көлігін сүйреп, өз жолына алып шықты. Полицейлердің берген көмегінен соң жүргізуші өз алғысын айтып, ары қарай сапарын жалғастырды.
Cонымен қатар осы жолдың 652-шақырымында тағы бір жүк көлігіне де көмек берді. Полиция қызметкерлерінің жасаған жақсылығына риза болған Ресей Федерациясының жүргізушісі патрульдік полиция батальонының инспекторлары Ғалымжан Жақсылықов пен Нұрлыбек Жандарға өз ризашылығын жеткізді.
– Патрульдік полиция батальонына алғыс айтамын. Жолдан шығып қалған көліктерге көмектесіп жүр. Түркістан облысының полиция қызметкерлеріне рақмет!, – дейді полицейлердің көмегін алған жолаушылардың бірі.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ауа райы қолайсыз болған жағдайда, ұзақ жолға шығудан бас тартуды ұсынады. Сондай-ақ, автомобильдің техникалық жабдықталуына назар аудару керек, қажетті құралдарды өзіңізбен бірге алып жүруге кеңес береді. Жолда абай болыңыз және жол ережелерін сақтаңыз!