Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда бір күнде екі тонау қылмысы ашылды

Павлодар қаласының полицейлері бір күнде екі бірдей тонау қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Павлодар қаласының полицейлеріне Қатаев көшесінде белгісіз біреудің күш қолдана отырып, қыздардың 10 мың теңге ақшасын тартып алғаны туралы хабарлама келіп түскен. Полицияның кешенді күштерін тиісінше жұмылдыру нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні 10 минут ішінде ұстады. Ол тұрғылықты мекенжайы жоқ адам болып шықты. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 191-бабының 2-бөлігімен (Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып не осындай күш қолдану қатерін төндіріп тонау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы Данияр Бек.

Сол күні полицейлерге бір ер адам хабарласып, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында белгісіз біреудің оның «Хуавей» маркалы ұялы телефонын заңсыз иемденгенін айтқан.

– Оқиға орнына келген полицейлер үйдің кіреберісіне орнатылған бейнебақылау камерасын бірден қарап шыққан. Жәбірленушінің есінде қалғаны күдіктінің спорттық шалбарындағы жолақтар ғана еді. Қылмыс бойынша бағдарлар барлық посттарға таратылып, жақын маңдағы аулалар, үйлер мен подъездер тексерілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті жігітті ұстады. Полицейлер жігіттің шалбарын теріс киіп алғанын байқаған. Күдіктіні тексеру барысында тәртіп сақшылары оның жолағы бар спорттық шалбардың сыртынан тағы бір шалбар киіп алғанын анықтады. Күдікті ұялы телефонды ломбардқа тапсырып үлгерген, – деді Данияр Бек.

Полицейлер аталған факт бойынша да ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру