Өскемендік алаяқ жоқ пәтерді жалға берген
Өскеменде алаяқ жоқ пәтерді жалға беру сылтауымен жәбірленушінің 10 мың теңгесін қалтасына басқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірнеше күн бұрын Өскемен қаласының ПБ Үлбі полиция бөліміне 32 жастағы ер адам хабарласып, 24 ақпанда шамамен сағат 18.00 шамасында бейтаныс әйелдің пәтерді жалға беру сылтауымен оның 10 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражатын заңсыз иемденгені туралы шағымданды.
Бұл факт бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 39 жастағы әйелді ұстады, ол өз қылмысын мойындады. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.