Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта газ мекемесінен қомақты қаражат ұрланды

Түркістан облысында газ мекемесінің кеңсесіне қарақшылық шабуыл жасап, қомақты қаржыны алып кеткен күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-ның кезекшілік бөліміне аудан тұрғынынан белгісіз азаматтардың газ мекемелерінің бірінің кеңсесіне қарақшылық шабуыл жасағаны туралы арыз келіп түсті. Сондай-ақ арызда белгісіз азаматтардың кеңсе терезесін сындыру арқылы ішке кіріп, сейфті алып кеткенін де көрсеткен. Ал сейфтің ішінде тұрғындардың газға төлем жасаған ақшалары, яғни екі жарым миллион теңгеден астам қаржы болған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша тіркелді.

Оқиғаны бақылауда ұстап, қызметкерлеріне тиянақты тапсырма берген ТО ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов болған жайтты толығымен баяндап берді: 

– Қылмыстың ауырлығы мен қомақты қаржының қолды болғанын ескеріп, Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы мен Сарыағаш ауданының тәжірибелі деген полицейлерінен арнайы топ құрдық. Олар қылмыскерлерді анықтау мен ұстауға бағытталған жан-жақты әдістерін іске асырды. Осылайша аталған жайтқа қатысы бар деген төрт күдіктіні анықтап, олардың ізіне түстік. Небары бір тәулікте үшеуін қолға түсірдік. Бүгінде төртінші күдіктіге қатысты іздеу жарияланды. Негізі болған жайтты толық айтар болсам, тексеру кезінде белгілі болғандай, оқиға 14 наурыз таңғы сағат 04:30 шамасында болған. Газ мекемесінің кеңсесіне бетперде киген күдіктілер қарақшылық шабуыл жасап, сол күні ауысымға түскен диспетчерді ұрып, соғып, қол аяғын байлаған. Осыдан соң келесі бөлмедегі ішінде жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеден астам қомақты қаржысы бар сейфті өздерімен бірге алып кеткен. Ал сыртта күтіп тұрған күдіктілердің бірі алдын ала әдейілеп дайындап қойған автокөлікке сейфті салып, кейіннен сейфтегі ақшаны күдіктілер өзара бөліскен. Осылайша олжалаған қаржыларын бас пайдаларына жаратып жіберген. Ұсталғандардан айғақты зат ретінде сейф тәркіленді.

Сондай-ақ қосымша айтып кетер болсақ, күдіктілер Сарыағаш ауданының тұрғындары, олардың үшеуі бұрын соңды сотты болған.

Сондықтан облыс полицейлері төртінші күдіктіні тез арада табу үшін, жоспарланған жедел шараларды атқаруда. Түркістан облысы мен көршілес аймақтарға бағыттамалар да жолданған. Ал ұсталған үш күдікті қамауда. Аталған жайтқа қатысты толық мәнжайды анықтау мақсатында тергеу амалдары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру