Өз міндеттерін жанқиярлықпен атқарған ШҚО полицейлері наградталды
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде қызметтік міндеттерін жанқиярлықпен атқарған полицейлер наградталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев полицияның кешенді күштерінің гарнизондық жиынында ҚР Ішкі істер министрінің жеделхатын оқып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында аянбай, мінсіз қызмет етіп жүрген жеке құрамға алғысын жеткізді.
Сағат Мадиев салтанатты шара қатысушыларына Полиция департаментінің жеке құрамы алдағы уақытта да облыс тұрғындарының құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ете отырып, қызметтік борышын үлгілі және жанқиярлықпен атқаратынына сенім білдірді.
Салтанатты шара барысында еңбегімен ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. ШҚО ПД бастығы полиция қызметкерлері Нұржан Кәкеев пен Бекарыс Әбдолдановқа «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарын салтанатты түрде табыс етті.
Еске сала кетсек, 8 ақпанға қараған түні Өскемен қаласы Полиция басқармасының патрульдік жасағы көпқабатты үйлердің бірінде белгісіз біреулердің тыныштықты бұзу дерегі туралы шақырту алған. Шақыртуға жедел жеткен полицейлер ішімдік ішіп, қатты сөйлеп тұрған екі ер адамды көрген. Полиция қызметкерлері оларға тәртіп бұзғандарын түсіндіріп, шу шығармауды өтінген. Осы уақытта ер адамның бірі полиция қызметкерінің мойнына пышақ сұғып, қаша жөнелген. Алған жарақатына қарамастан, Нұржан Кәкеев құқық бұзушыны қуып жетіп, қолға түсірген.