Түркістандық ұры Ресей Федерациясында ұсталды
Түркістан облысының полицейлері Ресей Федерациясында бой тасалап жүрген күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек ауданының ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бірнеше мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген күдіктіні құрықтады.
2020 жылдың қыс айларында полиция бөліміне Бәйдібек ауданының тұрғыны белгісіз біреулердің мал қорасына ұрлыққа түскені туралы хабарлаған. Күдіктілер жәбірленушінің ауласында орналасқан қорасына кіріп, 650 000 теңге тұратын ірі қара малдарын қолды еткен. Аталмыш жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді.
Сол жылы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер осы қылмысты жасауға қатысы бар қашып жүрген үш күдіктіні ұстап, қамауға алды. Ал үш ай бойы іздеуде жүрген төртінші күдікті Ресей Федерациясына кетіп үлгерген.
2021 жылы Бәйдібек ауданының ПБ жедел уәкілдері ресейлік әріптестерімен бірлескен жедел-іздестіру іс шараларын өткізу барысында күдіктіні Ресей Федерациясынан ұстады. Қазіргі таңда күдіктіні Ресей Федерациясынан экстрадициялау бойынша мәселе шешілуде.