Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта алаяқ әйел әшкереленді

Түркістан облысының полицейлері аудан тұрғындарын алдап, алаяқтық жолмен ақша алған күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш ауданының ПБ кезекші бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығы жөнінде арыз түсірген. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, белгісіз біреу оларға мемлекеттен бір миллион теңге қайтарымсыз несие алып беремін деген уәде беріп, олардың әрқайсысынан 120 000 теңгеден ақша алған. Аталған азаматшаның тарапынан уәде етілген несиені ұзақ күткен әйелдер алданғанын түсінгеннен кейін көмек сұрап полицейлерге шағымданған. Тәртіп сақшылары аталған деректі ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, тергеу амалдарын бастады.

Арызданушылардың шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Сарыағаш ауданының ПБ қызметкерлері тиісті жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер осы қылмысты жасауға күдікті ретінде жас әйелді ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Тергеу барысында жұмыссыз әйелдің оңай жолмен ақша таппақ болғаны анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері облыс тұрғындарына кез-келген адамға сене бермеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру