Қарағандылық ұры жас қыздың телефонын білдірмей суырып алған
Қарағандылық полицейлер телефонының ұрланғанын сезбей қалған азаматшаға телефонын қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 наурыз күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері қала аумағында қалта ұрлықтарының алдын алу және аталған қылмыстарды ашу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізді. Рейдтер барысында полиция қызметкерлерінің назарына қаладағы аялдамалардың бірінде қоғамдық көліктен түсіп, қалтасына белгісіз затты жасырып, қашып бара жатқан азамат іліккен. Жедел ден қою барысында күдікті азамат ұсталды. Оның 28 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды.
Күдікті қоғамдық көлікте белгісіз бір азаматшаның қалтасына қол сұғып, «OPPO» маркалы ұялы телефонын алып кеткен. Полиция қызметкерлері ұялы телефонның иесі – қаладағы колледждердің бірінің студенті 16 жастағы қыз бала екенін анықтады. Жәбірленуші өзінің ұялы телефонын ұрлатып алғанын полиция қызметкерлерінен естіген.
Жәбірленушінің ата-анасы шығын көлемін 138 000 теңгеге бағалап, ұрлық дерегі бойынша полицияға арыз жазды.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-тармағына (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.