Ақтөбе полицейлері қауіпсіздік шаралары туралы ескертеді
Ақтөбе полицейлері азаматтарға жолға шыққанда сақтық шараларын күшейтуді, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полицияның негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары кешенді сипатта болуы тиіс. Жол апаттарының себептерін анықтау үшін жол-көлік оқиғасының орны, ауа райы жағдайлары, көлік пен жолдың жағдайы, тәулік уақыты, апта күні және тағы да басқа жағдайлар талданады, апаттың себептері көп, бірақ олар қаншалықты әртүрлі болса да, олардың басым көпшілігі адамның кінәсінен болады.
– Тек үш айдың ішінде өңір автожолдарында 98 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 21 адам қаза тауып, 138 азамат жарақаттанған. Жол апаттарының негізгі себептері жылдамдық режимін сақтамау, қарсы жолаққа шығу, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жолдың жүріс бөлігі арқылы өтуі болып табылады. Осы орайда жүргізушілерден жылдамдық режимін, арақашықтықты сақтауды, мүмкіндігінше алыс жолға шығуды шектеуді, ауа райының өзгеруі туралы ескертулерді қадағалауды сұраймыз, – деп атап өтті облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Ақтөбе облысының полицейлері жүргізушілерді өзін-өзі сақтауға шақырады және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және олардың қауіпті салдарларын болдырмауға көмектесетін жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауды талап етеді.