Түркістан полицейлері діни сипаттағы тыйым салынған материалдарды таратудың 5 дерегін анықтады
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысының ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері діни сипаттағы аудиожазбалар таратудың 5 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тыйым салынған материалдарды өздерінің жеке парақшаларына жариялаған пост авторларын анықтады. Олардың төртеуі Түркістан қаласының және біреуі Созақ ауданының тұрғыны болып табылады. Олардың екеуі деструктивті діни ағымның жақтаушылары екені белгілі.
Аталған жайттар ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабының 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгiттеуге, экстремизмдi немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға бағытталған, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңінде олардың техникалық амалдары мен тактикасын ашатын мәлiметтер мен материалдар қамтылған бұқаралық ақпарат құралдары өнiмiн Қазақстан Республикасының аумағында тарату) бойынша тіркелді.
Тәртіп сақшылары осы деректер бойынша жинақталған құжаттарды тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолдады. Нәтижесінде әкімшілік соттың қаулысымен құқық бұзушылардың әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері діни сипаттағы тыйым салынған материалдарды сақтағаны және таратқаны үшін алты адам жауапқа тартылып, оларға 350 мың теңгеден астам айыппұл салынған.