Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шекарадан есірткі алып өтпек болған ер адам ұсталды

Шекарадан есірткі алып өтпек болған ер адам екі жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш ауданының сақшылары «Жібек жолы» кеден бекеті арқылы есірткіні заңсыз алып өтпекші болған Түркістан облысының тұрғынын құрықтады. Нақтырақ айтсақ, бақылау бекетінің қызметкерлері Өзбекстан Республикасының аумағына өтпек болған жергілікті тұрғынның билетін тексеріп жатқан кезде, «Климинтина» атты қызметтік ит бірнеше метрден жүгіріп барып, ер азаматтың жанына жақындап үріп, белгі бере бастайды.

Осыдан соң бекеттегілер бірден Сарыағаш АПБ-нің сақшыларына хабарласып, болған жайтты түсіндіреді. Тәртіп сақшылары оқиға орнына келіп, бірқатар тексеру жұмыстарын жүргізеді. Күдік тудырған тұрғынның аты-жөнін анықтап, оған тінту жүргізеді. Бірнеше уақыт бойы тиянақты жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде ер азаматтың шалбарының қалтасынан қағаз орамаға оралған есірткі затына ұқсас зат табылады.

Полиция қызметкерлері айғақты затты сараптамаға жолдап, оның қорытындысы бойынша жалпы салмағы 7,5 грамм кептірілген марихуана екенін анықтайды. 
Аталмыш жайт Сарыағаш АПБ-да ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) және 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталады.
Күдіктінің айтуынша, ол есірткі тектес затты тауып алып, өзі қолданбақ ниетте сақтаған. Сарыағаштық сақшылармен тергеу жұмыстары бойынша құжаттардың барлығы жинақталып, заңды шара көрілу үшін аудандық сотқа жолданады. 

Көп ұзамай Сарыағаш аудандық соты өз шешімін шығарады. Яғни соттың үкімімен есірткі теріс қылығы бойынша ұсталған ер азамат жоғарыда аталған екі баппен де айыпты деп танылып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалады.

Осы тұста Түркістан облысының полицейлері әрбір азаматқа ескертеді, есірткі қылмысына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінде тиісті баптармен жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан айықпас дерт саналған есірткіге жоламаған жөн. Оның орнына тәртіп сақшылары әрдайым салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шынығуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру