Ақмола полицейлері әйелге қол жұмсаған үйсіз ер адамды ұстады
Ақмола полицейлері бейнебақылау камераларының көмегімен әйелге қол жұмсаған үйсіз ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 5 сәуірде түнгі сағат 02.00-ден кейін Көкшетау қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының 38 жастағы тұрғынынан көп қабатты тұрғын үйдің кіреберісінде белгісіз ер адам оған дене жарақатын келтіргені туралы арыз келіп түсті.
Шабуыл жасаушы туралы ақпарат дереу патрульдік полицияның барлық автомобиль және жаяу жасақтарына берілді, ал жедел басқару орталығының инспекторлары қылмыс жасалған ауданда орнатылған бейнекамералардың деректерін зерделей бастады.
Осы оқиға тіркелген ауданды пысықтап алған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 48 жастағы ер адам болып шықты.
Өтініш беруші екі үйсіз ер адамнан кіреберіс бөлмесін босатуды сұрағаны анықталды. Нәтижесінде қаскүнем әйелге дене жарақатын келтірді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу қозғалды.