Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Мүгедектікке шығарып беремін»: сайрамдық алаяқ ұсталды

Тұрғынның ақшасын алып, алдап кеткен сайрамдық алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келеді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, көршісінің туыс ағасы оның сеніміне кіріп, 250 мың теңгесін алып кеткен. Яғни, көршісінің үйіне барған ол, күдіктімен танысқан. Ал ер адам болса, жәбірленушіні арбауына түсіріп, әбден иландырып «мүгедектікке шығарып беремін деп», мемлекеттен ай сайын мүгедектікке байланысты зейнетақы алып отырасың деп сендірген. Алайда ақшаны алғаннан кейін жоқ болған.

Арадан біршама уақыт өтсе де ол жәбірленушіге берген уәдесін орындамаған. Не болмаса ақшасын қайтармаған. Содан соң сан соғып қалғанын түсінген тұрғын, полицияның көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеуге алынды.

Сайрам АПБ-ның полицейлері аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру амалдарын бастап кетеді. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде, учаскелік полиция инспекторларының қырағылығымен алаяқтыққа күдікті ер адам анықталып, АПБ-на жеткізіледі. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады.

Тергеу барысында күдікті бұдан алдын 2019 жылы да осындай алаяқтық жасап, алайда екі тараптың татуласуына байланысты іс қысқартылғаны белгілі болды. Десек те, қателігінен қорытынды шығармаған ер адам, оңай жолмен ақша табу мақсатында қайта қылмыс жасаған. Бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, жинақталған іс-құжаттары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына түспей, кез келген мәселені заң аясында қарастыруды ескертеді. Егер де сіз осындай алаяқтардың қылмысына куә немесе құрбаны болсаңыз, «102» шұғыл нөміріне хабар беріңіз, өйткені дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру