Жамбылдық полицейлер кәнігі алаяқты ұстады
Жамбылдық полицейлер кәнігі алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласының Полиция басқармасы 1- полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің қызметкерлері ірі көлемде жасалған бірнеше алаяқтық деректерін ашты. Осы деректер бойынша тергеу амалдарының нәтижесінде Жуалы ауданының 50 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды.
Осылайша істің мән-жайын анықтау барысында күдікті 2018-2019 жылдар аралығында облыс орталығында тұрып, «TIENS-Қазақстан» компаниясындағы дистрибьютор-әріптестерінің сеніміне кіріп, желілік маркетингте олардың сапа деңгейін арттыру бойынша өзінің ақылы қызметтерін ұсынғаны анықталды. Осының нәтижесінде ол 14-ке жуық жәбірленушіден бір миллионнан 15 миллион теңгеге дейінгі көлемде ақша қаражатын алдау жолымен иемденген.
Аталған қылмысқа қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алаяқтық жолмен алдаудың құрбаны болған басқа адамдар анықталуда.