Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында бірнеше мал ұрлаған үшеу қамауға алынды

Түркістан облысында бірнеше мал ұрлаған үшеу қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал АПБ-ның кезекші бөліміне «102» нөмірі арқылы жергілікті тұрғын хабарласқан. Ол азаматтың айтуынша, кешкі сағат 20:00 шамасында Мақтаарал ауданы Достық ауылына қарасты егістік алқапта жайылып жүрген екі бас ірі қара малын белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 250 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі ашуға бірден кірісіп кетті. Ақпарат алысымен Мақтаарал қаласының тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ мал сататын орындарды тексерді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасағандардың ізіне шығып, аз уақыттың ішінде үш күдікті ер азаматты ұстады. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар болып шықты. Күдіктілердің барлығы қамауға алынып, аталған жайтқа байланысты қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер бұл жайттан бөлек үш тұрғынның малын ұрлап, оларға 500 мың теңгеден астам шығын келтірген. Олардың бірінің бір бас өгізін, ешкіншісінің екі бас сиырын, ал үшіншісінің бір бас танасын алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Осылайша мал ұрлаған үшеу малдарды күдіктінің бірінің басқаруындағы «Ваз-2109» маркалы автокөлігінің жүк салғышына салып, кезек-кезек жымқырған. Барлық ірі қара малды біреуінің үйіне алып барып жасырып, сатпақ болған. Алайда полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында, арам ойлары іске аспады.

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Шаруашылық аулалар мен қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтып, құлыптар мен жарық орнату қажет. Сондай-ақ, үй малына ен-таңба салдырып, бақташы жалдау керек. Егер, сіз, мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру