Қызылордалық көпбалалы ана жоғалған қызын тауып берген полицейлерге алғыс айтты
Қызылордалық көпбалалы ана жоғалған қызын тауып берген полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне 33 жастағы көпбалалы ана арызданды. Ананың айтуы бойынша, 2006 жылы туған қызы белгісіз бағытқа шығып кетіп, үйіне оралмағаны туралы айтып, 102 арнасына хабарлама түсірген.
Жасөспірімді іздеу жұмыстарына ювеналды полиция, патрульді полиция нарядтары жұмылдырылып, үйлердің шатырлары мен аулалары, құрылыс жүріп жатқан обьектілер, мекемелердің аулалары араланып, тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған жасөспірім бір тәулік ішінде облыс орталығының көшелерінің бірінен табылып, ата-анасына аман-есен тапсырылды.
Полицейлер табылған жасөспіріммен және ата-анасымен профилактикалық бағытта әңгімелесу жұмыстарын жүргізді.
Полицейлердің дер кезінде ұйымдастырған іздестіру жұмыстарына риза болған ана, полицейлерге өз алғысын білдіріп, қызметтеріне тек қана жеміс тіледі.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының басшылығы ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің қарауынсыз жүрмеуін қатаң ескертеді.
Полицейлер өз кезегінде жасөспірімдердің жазатайым оқиғаға душар болып, олардың қараусыз жүруі құқық бұзушылық жасауының негізгі себебі болуы мүмкін екенін тағы да атап айтады. Осыған орай, полиция қызметкерлері балаларға деген бақылауды және жауапкершілікті күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды арттыру қажеттігін қатаң ескертеді.